Қазақстанның мүгедек әйелдер ұйымдары желісі Ұлттық іс-әрекет жоспарына ұсыныс жасайды
АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Қазақстанның мүгедек әйелдер ұйымдары мен көшбасшылары желісі Мүмкіншілігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-әрекет жоспарына ұсыныс әзірледі.
Бұл туралы бүгін «Шырақ» Мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР Үкіметі жанындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің мүшесі Ләззат Қалтаева Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қазақстанның мүгедектігі бар әйелдері өздерінің көкейкесті мәселелеріне қатысты нақты шараларды қабылдау қажеттігі туралы мәлімдеу үшін алғаш рет Желіге бірігіп отыр. Ұлттық іс-әрекет жоспарына әзірленген ұсыныстарда жынысы мен мүгедектігі жағынан кемсітушілік және мүгедектігі бар қыздар мен әйелдердің тұрмыс-тіршілігіне мән берілген.
«Кемсітушілік көзқарас салдарынан мүгедек әйелдердің қоғамға кіріге алмауы оларды қалыпты адамдық қарым-қатынастан құр қалдыруда. Олар еңбек нарығына қатыса алмайды, өздерінің репродуктивтік құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндіктері жоқ. Осы және басқа да қатерлер салдарынан олар өздеріне қол жұмсауға дейін барады», дейді Л. Қалтаева. Оның айтуынша, аталмыш ұсыныста осы мәселелердің шешу жолдары қарастырылған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы деректері бойынша, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар жалпы халық санының 3 пайызын немесе 485,4 мың адамды құрайды. Олардың ішінде, 231 мыңға жуығы қыздар мен әйелдер. Бұл Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы санының 48 пайызын құрайды.