Қазақстанның мұрағат саласы мемлекеттік органдардың қолдауына мұқтаж - Б. Жапаров

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның мұрағат саласы мемлекеттік органдардың қолдауына мұқтаж. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров айтты.
None
None

«Мұрағат жұмыскерлерінің мәртебесі өте төмен екені жасырын емес. Әсіресе өңірлерде. Барлық облыстық мұрағаттар жергілікті мәдениет және спорт басқармаларының немесе тілдер басқармасының қоластына енгізілген. Яғни, әлі де бұларға орталық мемлекеттік құрылымдардан көмек жетпей жатыр. Мұрағаттар тасада қалып қойды. Ресейде жақында жарлық шығып, федералды архив мемлекет басшысының қоластына берілді. Қазақстанда да бұл проблемаға баса назар аударатын кез келді», - деді ол.

Оның айтуынша, ҚР Президентінің Мұрағаты соңғы кезеңде электронды мұрағат жасаумен жеделдете  айналысып келеді.

«Тарихи құжаттар цифрлық форматқа көшірілді. Соңғы 2 жылда 2 млн беттік 30 мыңға жуық құжаттың цифрлық баламасы жасалды. Бұл 1-санаттағы 160 мың құжаттың 20 пайызы. 2020 жылға таман толық бітіреміз деп ойлаймыз», - деді ол.

Қазіргі таңда Президент мұрағаты электронды мұрағаттың бағдарламалық қамтуын жасап жатыр. Кейінірек бұл технология барлық мұрағаттарда қолданылатын болады.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Мұрағаты «Кеңестік Қазақстандағы номенклатуралық кадрлар. 1919-1991 жылдар» электронды анықтамалығының 1-ші бөлімін таныстырды.

Жинаққа билік эшелонында қызмет еткен 4970 лауазымды тұлғаның өмірбаяндары, 1500 фотосуреті енді.

Соңғы жаңалықтар