Қазақстанның музыка дүниесі «Шәкәрім» атты жаңа симфониямен толықты
Шығарманы Қазақстан Республикасының халық әртісі Айман Мұсақожаева жетекшілік ететін Қазақ Ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестрі орындады.
Өнертанушылардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері симфония сынды күрделі жанрда жазылған музыкалық шығарма болған жоқ. С. Еркімбековтың симфониялық және камералық жанрларда, опера, балет және тағы басқа туындылары бар.
«Мен симфония сияқты ірі жанрда шығарма жазу жөнінде көптен бері ойланып жүргенмін», дейді С. Еркімбеков. «Шәкәрім Абайдың жолын жалғасы іспеттес. Бірақ оның дүниеге өзінің көзқарасы, өзінің ой-толғамы бар адам. Симфонияда мен өзім түсінген Шәкәрімнің осы ішкі дүиесін беруге тырыстым. Мен оның философиясын, ішкі жан дүниесін, көрген азабын аша түсуге, биіктете түсуге талпындым», дейді композитор.
Оның айтуынша, симфонияның бірінші бөлігі көңіл-күй тұрғысында пәлсапалық, терең ойлы, драмалық сарында болса, екінші бөлігі ақынның дүниетанымы, араб, парсы мақамы байқалғанымен, оның өзіндік көзқарасы берілген.
С. Еркімбеков батыс музыка мектебінің түлегі болғаныменен, симфонияның кейбір шарықтау шектерінде домбыраның қоңыр үнін қосқан. «Домбыра мұнда тегіннен тегін қолданылып отырған жоқ. Бұл ақынның жан үнін беретін ішек дыбыстары іспеттес», деп атап көрсетті ол.
«Шәкәрім» қазақтың меценат ұлдарының бірі Медғат Құлжановтың жеке тапсырыс беруімен жазылған. «Біз Шәкәрім бабаның мұрасын келешек ұрпақтарға қалдырғымыз келді. Абыз ақынның көзін көріп, жыры мен өлеңдерін осы уақытқа дейін жеткізген адамдар қатары азаюда. Біз олардың үндерін күйтабаққа, ескі жазбаларды әрең-әрең жазып алуға үлгердік. Енді міне дүниеміз симфония ретінде толықты. Бұл туындымен әлемдік сахналарға мақтанышпен шыға аламыз», дейді Медғат Құлжанов.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдерінің негізінде жазылған симфонияны жарыққа шығаруға 7-8 ай уақыт жұмсалған.