Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі Shell компаниясының басшылығымен кездесу өткізді
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі Асқар Жұмағалиев Гаага қаласында Shell мұнай-газ компаниясының вице-президенті Джоан Кунсбергпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Кездесу барысында Асқар Жұмағалиев аталған компанияның вице басшысын қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан басшылығы қабылдаған саяси шаралар мен энергетика кешеніне қатысты реформалар туралы баяндады.
Сондай-ақ, өндіру саласы қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау және инвестициялық саясатты жетілдіре түсуге қатысты соңғы шешімдерді жеткізді.
Одан бөлек, әлемдік энергетика нарығындағы соңғы ағымдық жағдай талқыланды.
Өз кезегінде Shell өкілі шетелдік инвесторлар кеңесінің қызметін жоғары бағалап, ҚР Үкіметі мен Shell арасында сенімді қарым-қатынастың барын атап өтті.
Сонымен қатар кездесу барысында декарбонизация және жасыл энергетика саласы бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.