Қазақстанның облыс орталықтарында және Маңғыстау облысында сандық телехабар тарату жүйесі іске қосылды

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында «Индустрияландыру күні» аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстанның облыс орталықтарында және Маңғыстау облысында сандық телехабар тарату жүйесінің ресми іске қосылуы болып өтті.

Қазақстанның облыс орталықтарында және Маңғыстау облысында сандық телехабар тарату жүйесі іске қосылды

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Сандық эфирлік телевидениеге көшу жөніндегі бағдарламаның екінші кезеңін аяқтауға байланысты Маңғыстау облысының ауыл тұрғындары бейнеленуі мен дыбысы тамаша қазақстандық 15 телеарнаға, ал облыс орталықтары мен оларға таяу орналасқан елді мекендер тұрғындары 30 телеарнаға қолдары жетті. Бұған дейін бұл өңірде бірді-екілі ғана телеарна хабар тарататын.

Бүгінгі күні сандық үлгідегі отандық телеарналар облыс орталықтары, Астана және Алматы қалалары, сонымен бірге Маңғыстау облысы тұрғындарына дейін қолжетімді болды. Сонымен, 1150 елді мекендегі шамамен 8 млн. адам сандық эфирлік телехабарларды көре алатын болды.

«Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында хабар таратудың сандық жүйесі ішкі және шекара маңындағы аумақтарды, яғни жұртшылықтың 95%-ын қамтитын болды. Осы арқылы ауыл және қала тұрғындарының ақпараттық теңсіздігін жою мәселесі шешіледі.

Өткен жылғы маусым айында индустриалдық форум аясында сандық эфирлік телевидениеге көшу бағдарламасының бірінші кезеңі іске қосылып, ол Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Жаңаөзен және оларға жақын орналасқан елді мекендерді қамтығандығын еске саламыз. Соның арқасында республиканың 370 елді мекенінде тұратын 3,5 млн қазақстандықтар сандық эфирлік телевидениеге қол жеткізген болатын.