Қазақстанның омбудсмен институты адам құқықтары саласындағы пәрменді құрал екендігін таныта білді - Б. Имашев

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның омбудсмен институты адам құқықтары саласындағы пәрменді құрал екендігін таныта білді. Бүгін «Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, мемлекеттік органдардың және азаматтық сектордың арасындағы өзара әрекеттесудің өзекті мәселелері» атты тақырыпта өткен конференция барысында ҚР Парламенті Сенаты Заңнама және сот-құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев осылай мәлім етті.

Қазақстанның омбудсмен институты адам құқықтары саласындағы пәрменді құрал екендігін таныта білді - Б. Имашев

«Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жыл сайынғы баяндамаларының арқасында қылмыстық-атқару жүйесіндегі қордаланған проблемалар мен олқылықтар, заң жүзіндегі кемшіліктер кеңінен жарияланды. Бұндай проблемалардың өзі уәкілетті орган өкілдерімен түзеу мекемелерінің барлық түрдегі режимінде, сондай-ақ еліміздің өңірлеріндегі тергеу изоляторларының барлығында дерлік тұрақты болып, ондағы мәселелерге саралау жұмыстарын жүрігізу барысында анықталды»,- деді Б. Имашев.

Сенатордың айтуынша, тергеу орындары мен түзеу мекемелерінде орын алған кемшіліктердің басым бөлігі құқық қорғау органдары қызметінің тәжірибелерімен тығыз байланысты. «Сондықтан да бұндай бағыттағы заң бұзушылықтарды болдырмау үшін қоғамдық бақылауды дамыта түсу қажет. Сонымен бірге, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанынан бас бостандығынан айырылғандардың құқының сақталуын қадағалау жөнінде Қоғамдық кеңес құру қажет», - деді сенатор.