Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне инвестициялардың әлеуеті мол

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, елімізге тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша нәтижелер өте жақсы. 4,5 жылда шетелдік тікелей инвестициялардың құрылымы өткен жылдарға қарағанда, яғни 2005-2009 кезеңмен салыстырғанда өзгерді.

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне инвестициялардың әлеуеті мол

Атап айтқанда, шетелдік тікелей инвестициялардың үлесі сақтандыру мен қаржылық салаларға 22 пайызға төмендегенімен, өңдеу өнеркәсібінде шетелдік тікелей инвестициялар 2,5 есеге артты. «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ-ның деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда өңдеу саласында 21 млрд. доллар көлемінде 130-ға жуық инвестициялық жоба іске қосылды. Қазіргі кезде оларда 36 млрд. доллар сомасында 70-ке тарта жоба бар көрінеді. «KAZNEX INVEST» басқарма төрағасының орынбасары Әсел Ерғазиеваның сөзіне қарағанда, Қазақстанға ЕО елдері тарапынан инвестиция көлемі қомақты көлемде тіркелді. 2005 жылдан бастап, 2014 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі аралықта ЕО елдері 95 млрд. доллар көлемінде инвестиция салды. АҚШ 19 млрд. доллар, ал Қытай - 11,8 млрд. доллар инвестиция бөлді. Кеше Астанада Қазақстан-Ұлыбритания сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның І отырысында 2005 жылдан бері Ұлыбританиядан келген инвестиция 10 млрд. доллардан асып түскендігі мәлім болды. Осы мерзімде Ұлыбританияға қазақстандық инвестицияның көлемі 3,5 млрд. доллардан асты.