Қазақстанның өңдеуші секторына тікелей инвестициялар 90 пайыздан астам көрсеткішке артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстанның өңдеуші секторына шетелдік тікелей инвестициялар 90 пайыздан астам көрсеткішке артты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бакенов мәлім етті.
«Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстанның өңдеуші секторына шетелдік тікелей инвестициялар 90 пайыздан астам көрсеткішке артты. Сонымен қатар аталған мерзімде экономикаға бағытталған шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 34 пайызға ғана өсті», - деді департамент басшысы. Осы орайда ол интеграциялық мүмкіндіктер елімізге жаңа мүмкіндіктерді ашып отырғандығын атап өтті. «Бұл фактілер экономиканы индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті қолдау бойынша Үкімет тарапынан атқарылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесі», - деп тоқталды Е.Бакенов. Айта кетейік, 2013 жылы Қазақстанға тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестиция 24,1 млрд. АҚШ долларын қамтыды.