Қазақстанның өнер қайраткерлері мен спортшылары «Астананы бірге саламыз!» акциясына қатысуда
АСТАНА. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін елордада «Астананы бірге саламыз!» акциясы аясында Қазақстанның танымал әртістері құрылыс нысандарына шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шара аясында Роза Рымбаева, Болат Аюханов, Асхат Житкеев, Елена Павлова, Әлібек Дінішев, Батырхан Шөкенов, Ділназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Нағима Есқалиева, Аида Әйіпова, Болат Сыздықов, Карина Абдуллина, «Досмұқасан», «The Magic of Nomads» және «Үркер» топтары, барлығы 70-ке тарта еліміздің әртістері, спортшылары, суретшілері мен ақындары Астанада салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысуда.Өнер, спорт қайраткерлерінен 16 құрылыс бригадасы жасақталып, елордадағы мәдени, спорт кешендері, жол құрылысы мен әлеуметтік нысандар құрылыстарына жіберілді. «Елордамыз соңғы он жыл ішінде қатты түрленіп, айшықтала түскен. Астана ? бұл жастық символы. Астана ? сүйікті еліміздің бүгіні мен болашағы. Оның дамуына өзіміздің үлесімізді қосу біздің қолымыздан келеді. Бүгінгі ақ пейілді ісіміз арқылы Астананы одан әрі әдемірек, одан әрі көріктірек етейік!», - деді Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев.«Біздің жасап жатқан шарамыз, Қазақстандағы тұралап қалған құрылыс жағдайына қоғамның назарын аудару. Астананың салынуына, беталысына ең үлкен үлестерін қосып жатқан ? құрылысшы жігіттер. Елдің шартарабынан келіп, Астананың ыстығына да, суығына да шыдап, осында терін төгіп жатқан құрылысшыларға мың да бір рахмет!», - деді құрылыс жұмыстарына кіріскен журналист Дана Нұржігіт.Акцияның бастамашысы ? Астана қаласының әкімдігі, ал ақпараттық қолдаушысы - «Арна-Медиа» ұлттық холдингі.