Қазақстанның онкологиялық қызметінде білікті маман тапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда онкологиялық қызметте білікті мамандар тапшылығы мен онкологиялық зертханалардың жеткіліксіз жабдықталуы байқалуда.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған халықаралық конференцияда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі Нұрлан Қыдырбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, қазақстанда соңғы жылдары онкологиялық аурулар көрсеткіші оң динамикаға ойысып отыр, алайда соған қарамастан жағдайы біршама күрделі болып қалуда.
«Біз осыған орай, онкологиялық қызметтің басты проблемаларын айқындаған едік. Біріншіден, онкология қызметі саласында білікті медициналық және медициналық емес кадрлар тапшы. Екінші - онкологиялық зертханалар мен емханалық ұйымдар базасында материалдық-техникалық жабдықтау жеткіліксіз болып отыр», - деді Н. Қыдырбаев.