Қазақстанның оңтүстік-шығысында нөсерлі жаңбыр, бұршақ жаууы ықтимал - 18 маусымға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - 18 маусым күні Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады, кей жерлерде қатты жел болуы мүмкін. Ал батыста шаң көтеріліп, дауыл соғуы ықтимал, деп хабарлайды Қазгидрометке сілтеме жасап ТЖМ баспасөз қызметінен.
Еліміздің шығыс аумағында атмосфералық ағындар әсерінен күн күркіреп, жауын жаууы мүмкін, ал оңтүстік-шығыста нөсерлі жаңбыр, бұршақ күтіледі.
Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 15-20 м/с-қа дейін жел күшейеді, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында шаң көтеріліп, дауыл соғады.
Атырау облысында, Маңғыстау, Батыс Қазақстан Ақтөбе облыстарының бірқатар аймақтарында күн аптап ыстық болады.
Республиканың солтүстік-батысы мен оңтүстігінде, орталығы мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Таяу күндері Қазақстанның оңтүстік және шығысындағы таулы өзендерінде су деңгейінің ауытқуы ықтимал. Қатты жауын-шашынның салдарынан Алматы облысының кейбір кішігірім тау өзендері тасуы мүмкін. Қазақстанның қалған сулы нысандарында гидрологиялық режімде айтарлықтай өзгерістер болмайды деп күтілуде.