Қазақстанның орманды алқабы ел аумағының небәрі 4,6 пайызын құрайды - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның орманды алқабы елдің барлық аймағының 4,6 пайызын құрайды. Бұл туралы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-інің орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Дани Сәрсекова бүгін елордада ашылған ормандарды қалпына келтіру және құнарландыру тақырыбына арналған халықаралық ғылыми форумның барысында айтты.
«Біздің еліміздің аумағы өте үлкен, алайда орманды алқабымыз небәрі соның 4,6 пайызын құрайды. Біздің климатымыз әр алуан, топырақ жағдайы да әртүрлі, ал шөл және шөлейт жерлер Қазақстанның 56 пайызын алып жатыр. Біздің міндетіміз - орманды сақтап қалу және оны қалпына келтіру. Жыл сайын көшеттер отырғызылады, осы жолмен таяу уақытта орманды тым болмағанда 5 пайызға ұлғайтпақпыз. Бүгінде, өздеріңіз білесіздер, Астана айналасында «Жасыл белдеу» құрылды. Қазір оның ауқымы 65 мыңнан астам гектарды құрайды», - деді ол. Сондай-ақ ол форум қатысушылары қол жеткізуді жоспарлап отырған негізгі мақсаттарды атап өтті. «Форумда орманды қалпына келтіру және құнарландыру туралы пікірлер алмасылады, себебі бұл мәселе Қазақстанда ғана емес, шөлейт аймақтарда орналасқан әлемнің барша мемлекеттерінде өзекті мәселеге айналған. Оларды қалпына келтірудің қандай да бір ортақ әдісін табамыз деп сенемін», - деп сөзін түйіндеді Сәрсекова. Халықаралық ғылыми форум Қазақ агротехникалық университетінде өтуде. Оның жұмысына Қазақстанның ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, әлемнің 20-ға жуық елінен орман шаруашылығы саласындағы жетекші ЖОО-ларының және ұйымдарының мамандары қатысуда.