Қазақстанның параволейболшылары әлем чемпионатына қатысып жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақстанның параволейболшылары әлем чемпионатына қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, волейболды отырып ойнайтын ел құрамасы Босния мен Герцеговина астанасы – Сараево қаласындағы әлем чемпионатында бақ сынауда.
Әлем чемпионаты 4 қарашада басталған. Оған әлемнің 16 елінің командалары қатысып жатыр.
«Қазақстанның 11 дүркін чемпионы атанған параволейбол командасы Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облысының спортшыларынан құралған. Ел құрамасы Азия ойындарында ІІІ орынды, Азия чемпионатында ІІ және ІІІ орынды иеленген. Қазір әлемдік рейтингте ең мықты командалардың алғашқы сегіздігіне еніп отыр. Әлем чемпионатының В тобында Хорватия, Иран, Ирак командаларымен үш ойын өткізді. Алдымен Хорватия құрамасын 3:0 есебімен ұтты. Одан кейін Иран Ислам Республикасының командасына есе жіберді. Үшінші ойында Ирак елінің командасынан 3:0 есебімен басым түсті», -деп хабарлады Дүйсенбай Тұрғанов.
Оның айтуына қарағанда, келесі жылы Астанада параволейболдан Азия чемпионаты өтеді.
«Сараевода халықаралық параволейбол федерациясының президенті Барри Кузнермен, Азия және Океания параволейбол федерациясының даму жөніндегі директоры Вэй Пин Тумен кездесіп, Астанада параволейболдан Азия чемпионатын өткізу мәселесін талқыладық. Құрлықтық чемпионат 2023 жылғы маусым айының соңы мен шілде айының басында өтеді. Келіссөздердің нәтижесі халықаралық параволейбол федерациясы атқару комитетінің тиісті шешімімен бекітіледі. Инспекторлар Қазақстанға келесі жылдың басында келеді», -деп мәлім етті Дүйсенбай Тұрғанов.
Енді қазақстандық параволейболшылар Сербия Республикасының командасымен кездеседі. Әлем чемпионаты 11 қарашаға дейін жалғасады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын 15 жасар атырулық спортшы джиу-джитсудан әлем чемпионы атанғанын жазған едік.