Қазақстанның Премьер-Министрі құрылысшыларды салынатын ғимараттардың сапасын жақсартуға шақырды
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Құрылысшы күніне арналған мерекелік жиналыста сөйлеген құттықтау сөзінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов құрылыс саласының қызметкерлерін салынатын ғимараттардың сапасын жақсартуға шақырды.
«Өткен жылы біз құрылысқа мемлекеттік лизенцияларды санаттарға бөлдік, жобалау, авторлық және техникалық қадағалау саласындағы сарапшылардың жеке жауапкершілігін енгіздік, бұл жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын жақсартары сөзсіз. Енді құрылыстағы техникалық реттеу жүйесін реформалау, еурокод енгізу және құрылыста басқа да халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет», - деді С.Ахметов.
Сонымен бірге, Премьер-Министр жобаларды сараптау жөнінде сарапшылық қызметті реформалауда біраз жұмыс атқарылуы тиіс екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, қызметтің бұл түрін нарықтық ортаға беруді ойластыру керек шығар.