Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қызметкерлері өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетеді
МӘСКЕУ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің ұжымы Ресейдегі басылмай отырған орман өрттерінен зардап шеккендерге 500 мың теңге материалдық көмек аудару туралы шешім қабылдады.
Елшіліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, ақша қаражаты дипломатиялық өкілдік қызметкерлерінің жалақы қоры есебінен аударылмақ.
Естеріңізге сала кетейік, орман өрттерінің салдарынан Ресейдің жеті субъектінде - төтенше жағдай режімі, тағы алты субъектінің аумағында жартылай төтенше жағдай режімі енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының 17 өңірінің аумағында орман өртеніп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, өрт шалған аумақ 170 мың гектарға жетеді. Құрбан болған адамдардың саны 40-қа жетті, үш мыңнан астам адам баспанасыз қалды.
Бүгінде Мәскеуде орман өрттерінің салдарынан зардап шеккен халыққа қайырымдылық көмек жинайтын 12 стационарлық қосын жұмыс істеуде, барлық өңірде көмекке ақша жинау үшін қайырымдылық есепшоттары ашылып отыр.
Ресей Президенті дүйсенбі күні жасаған бейнемәлімдемесінде ел азаматтарын көмекке шақырды. «Апатқа ұшырағандарға көмек қолын созайық», - деді Д.Медведев өз үндеуінде.