Қазақстанның Ресейдегі Елшісі жерлес студенттермен кездесті
p; Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков өткен бейсенбі күні Мәскеуде Ресейдің Ішкі істер министрлігінің Мәскеу университетінде оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті,
деп хабарлады Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметінен.
Дипломатиялық миссия басшысы жиналған қауымға елшіліктің жұмысы туралы әңгімелеп берді және қазақстан-ресей қарым-қатынастарының негізгі бағыттарымен таныстырды. Студенттер өз кезектерінде, тұрақты көрсетіліп отырған қолдауы үшін елшіге және елшілікке алғыстарын білдірді. Қонақтар Зауытбек Тұрысбековтың Қазақстанның Ішкі істер министрі кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығына қосқан ерекше үлестерін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның ішкі істер органдарының қызметкерлерін Ресей ІІМ оқу орындарына оқуға жіберу туралы Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер министрліктері басшылығының арасындағы келісімге 2005 жылы қол жеткізілген болатын. Ведомстволық оқу орындарының бірінші және екінші курс тыңдаушыларының арасында өткен қатаң конкурстық іріктеуден кейін, Ресейде оқығысы келетін және Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша жоғары балға ие, сондай-ақ үлгерімі үздік ішкі істер органдарының 75 қызметкері Ресей Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына жіберілген болатын.
Сондай-ақ 2005 жылы шет елдерге оқитын кадрларды іріктеу жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 12 жас қазақстандыққа Ресей ІІМ Мәскеу университетінде оқу үшін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған еді.