Қазақстанның республикалық маңызы бар жолдарында «көктайғақ» ескерту-үндеуі жарияланды - ҚР ИДМ
Осыған байланысты республикалық маңызы бар жалпы ұзақтығы 23 696 шақырымдық автожолдарда 2015-2016 жылдары оларды қыста күтіп ұстау жоспарына сәйкес «көктайғақ» атты үндеуі жарияланды. Осы шара аясында автожолдарға уақтылы құм шашу, автокөліктердің қысқа мерзімде қауіпсіз және үзіліссіз қозғалысын және жолдардағы жағдай бойынша ақпаратты жедел жинау қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолдарда автокөліктердің қозғалысын шектеу енгізілген жоқ.
«Қазақавтожол» РМК-ның күшімен республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзақтығы 1250 шақырымдық қар ұстайтын учаскелерінде патрульдеу, көлік өтетін жол табанын қардан тазарту жұмыстары жасалуда, қар тосқауылдары мен «тайғанақ жол» деген уақытша жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдардағы асулар, жолдардың көтерілер, түсер тұстарына, қиылыстар және апатты-қатерлі учаскелеріне көктайғаққа қарсы қосымша материалдар себілуде. Жалпы бұл жұмыстарға автогрейдер және «Камаз», «Рено» және «ЗИЛ» автомашиналар базасында жасақталған жол машиналары, 200-ге жуық жол-пайдалану техникасы жұмылдырылды.
Республикалық маңызы бар автолдарды қысқы жағдайда күтіп-ұстау үшін өндірістік базалар, жылыту бекеттері әзірленіп, көмір, құм, тұз дайындалды, сонымен бірге жанар-жағармайдың екі апталық төмендетілмейтін қоры қамтамасыз етілді. Қар тазалайтын барлық техника жұмысқа жарамды қалпында ұсталуда, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.