Қазақстанның сақтандыру нарығында бірегей жаңа бағдарлама пайда болды

АЛМАТЫ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Наурыз айынан бастап орташа деңгейдегі жол апаттарына байланысты сақтандыру төлемдерін Жол полициясының құжатынсыз-ақ алуға мүмкіндік туып отыр.

Қазақстанның сақтандыру нарығында бірегей жаңа бағдарлама  пайда болды

Бұл туралы "Сентрас Иншуранс" сақтандыру компаниясы" АҚ-ның Басқарушы директоры Руслан Погорелов бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

"Компания наурыз айынан бастап "90х60х90" деп аталатын бірегей жаңа бағдарламаны іске қосты. Ондағы ең басты мәселе - төлемдерді төлеу жылдамдығы мен қарапайымдылығы болып отыр. Көлігін сақтандырған азамат өзінің кінәлі-кінәсіз екендігіне қарамастан және Жол полициясының құжатынсыз-ақ тиісті төлемақысын ала алады. Өтемақылар 3 банктік жұмыс күні ішінде төленеді", - дейді Руслан Погорелов.

Жаңа бағдарлама аясында компанияның 2010 жылы енгізілген "50х50" бағдарламасымен салыстырғанда сақтандырушыға төленетін өтемақы көлемі 2 есе ұлғайтылып отыр. Сонымен қатар сақтандырудың тағы бір санаты - бақытсыз жағдайлардан сақтандыру мәселесі де қарастырылған. Осы арада "90х60х90" жобасының 3 бағдарламадан тұратын арнайы пакет екенін де айта кеткен жөн. Оған автокөлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін ерікті сақтандыру, автокасса және бақытсыз жағдайлардан сақтандыру енгізілген.

Р. Погореловтың айтуынша, бағдарлама шарты бойынша - жол апаты кімнің кінәсінен болғанына қарамастан, сақтандырылған азаматтың өз автокөлігіне 90 мың теңге және жүргізушінің денсаулығына зиян келген жағдайда 60 мың теңге өтемақы беріледі. Сондай-ақ жол апатына қатысқан екінші көлік иесіне де, зардап шеккен болса, 90 мың теңгеге жуық ақша төленеді. "Сентрас Иншуранс" сақтандыру компаниясы" Басқарушы директорының сөзіне қарағанда, әзірге бұл бағдарлама Алматы қаласында ғана жүзеге асырылуда. Ал алдағы уақытта бүкіл республика аумағына таралатын болады.