Қазақстанның сапалы органикалық өніміне сұраныс бар - А. Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Қазақстаннан сапалы органикалық ауыл шаруашылығы өнімін импорттауға ерекше көңіл бөледі. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен парламенттік тыңдау барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, органикалық өнім өндіру Қазақстанның аграрлық саласындағы бәсекеге қабілеттіліктің аса зор мүмкіндігі.
«Қытайда былтырғы жылы партияның съезінде халықты экологиялық таза, органикалық өніммен қамтамасыз ету туралы бастама көтерді. Қазір олар осы бағытта Қазақстанның нарығынан өте үлкен көлемде өнімдерді жақсы бағамен сатып алуға дайын. Соның бір дәлелі - жақында ғана алғаш рет 60 вагон өсімдік майы Қазақстанның Қытайдың орталығында орналасқан Сиянь қаласына жөнелтілді. Қытай бұл бағыттағы келісімшарттарға қол қоюға мүдделілік танытып отыр», - деді А. Мамытбеков.
Оның айтуынша, өткізу нарықтарын дамыту жөніндегі басым міндет - ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына экспорттау.
«Қытай тарапы Қазақстаннан сапалы органикалық ауыл шаруашылығы өнімін импорттауға ерекше көңіл бөлетінін ұдайы назарда ұстағанымыз жөн», - деді ведомство басшысы.