Қазақстанның сайлау комиссиялары өз қызметтерін ашық әрі әділ өткізді - түркіменстандық байқаушы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның сайлау комиссиялары өз қызметтерін ашық әрі әділ өткізді. Бұл туралы бүгін Түркіменстан Орталық сайлау және референдумдар комиссиясы төрағасының орынбасары Аллаберди Уссаев айтты.
«Біз дауыс беру процесі барысында Қазақстан заңнамасының қандай да бұзылушылыққа жол берілгенін байқамадық. Біз болған учаскелердің барлығында да дауыс беру тыныш өтті әрі сайлаушылардың легі де мол болды. Сайлау учаскелері жақсы жарақтанған және олар өз қызметтерін ашық әрі әділ өткізді», - деді ол.
Сонымен қатар ол барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап өтті.
«Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып бауырлас Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтағым келеді. Сіздерге бейбітшілік, бақ-береке тілеймін!» - деді А.Уссаев.
Естеріңізге сала кетейік, кеше елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. ҚР ОСК деректеріне сәйкес, облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларынан келіп түскен хабарлар бойынша тізімге енгізілген 9 млн. 810 мың 920 сайлаушының 7 млн. 564 мың 281-і сайлау бюллетеньдерін алды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, республика бойынша тізімге енгізілген барлық сайлаушылардың 77,1 пайызы дауыс беруге қатысты. Өткен сайлаулардың деректерімен салыстырғанда, бұл - рекордтық көрсеткіш.