Қазақстанның шахмат федерациясы әлемде лайықты орынға ие - FIDE президенті К.Илюмжинов

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның шахмат федерациясы әлемде лайықты орынға ие. Бұл туралы бүгін Қазақстан шахмат федерациясының кезектен тыс съезінде Халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжинов мәлім етті.

Қазақстанның шахмат федерациясы әлемде лайықты орынға ие - FIDE президенті К.Илюмжинов

Шахмат ойын дамыту әрі оның танымалдылығын арттыру жолындағы Қазақстан билігінің зор еңбегіне алғысын білдірген ол: «Қазақстанның шахмат федерациясы ұлттық шахмат федерациялар арасында лайықты орынға ие. FIDE рейтингінде 1400 мың шахматшы, 20-дан астам гройсмейстер бар. Ең бастысы осы жерде балалар шахматы барынша қарқынды дамып келеді. Біздің де басты бағдарламаларымыздың бірі осы екендігін білесіздер. Сіздердің қыздарыңыз құрлық жеңімпазы ғана емес, сонымен бірге халықаралық, әлемдік жарыстардың жүлдегерлері атануда. Әлем чемпионы атағына да таласатындығына сеніміміз мол», - деді. Оның атап өтінше, Халықаралық шахмат федерациясы үшін ағымдағы жыл барынша қауырт болмақ. Өйткені, биыл ерлер және әйелдер арасында 2 әлем чемпионаты, дүниежүзілік шахмат олимпиадасы өтеді. Сонымен бірге FIDE Қазақстанда еліміздің шахмат федерациясымен бірлесіп, бүкіләлемдік балалар олимпиадасының өтуіне де мұрындық болады. «Яғни, жұмыс көп. Ел Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен біздерге қазіргі уақытта Халықаралық шахмат академиясының, балалар шахмат мектебінің құрылысына учаске бөлінуде. Менің ойымша, таяу аралықта мәселе шешілетін болады. Бұл шахмат сарайы тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемде сәулет өнерінің бірегей маржанына айналады», - деді К.Илюмжинов.