Қазақстанның шахматшы қыздары әлем құрамасынан жеңіліп қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемнің әйелдер құрамасы қазақстандық шахматшыларды жеңді. Шахмат жарысы бүгін Астанада аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Хоу Ифань бастаған әлем құрамасының мықты шахматшыларын құттықтап, біздің команданың жақсы ойын көрсеткенін атап өтті.

«Мен әлемдегі ең жақсы шахматшыларға қарсы тұра алатын салауатты батылдықтың, барабар амбицияның, сенімділік пен өз күшіне деген сенімнің керемет үйлесімін бейнелейтін біздің команда екеніне шын жүректен қуаныштымын. Біздің қыздарымызға жеңіске деген ерік-жігер және керемет ойын үшін алғыс айтқым келеді. Бүкіл ел сіздерді мақтан тұтады», - деп атап өтті Тимур Турлов.


Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева да әлем құрамасы мен Қазақстан құрамасының матчтың жарысын қорытындылады.

«Өкінішке қарай, жеңіліп қалдық. Өз ойыныма көңілім толады, төрт мини-матчтың үшеуін жеңдім (Хоу Ифань мен Харика Дронаваллиді 3-1 есебімен). Нана Дзагнидземен тағы бір матчты тең нәтижемен аяқтадым — 2-2. Бірақ, босаңсуға болмайды, ертең Satty Zhuldyz турнирінің бірінші туры өтеді», - деп жазды Асаубаева Instagram-да.


Бұған дейін хабарланғандай, кеше рапидтен 4 соңғы тур өтті. Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлем мен Қазақстан әйелдер құрамалары арасындағы алғашқы кездесуде шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы қытайлық Хоу Ифаньді, ал Динара Сәдуақасова индиялық Харика Дронаваллиді жеңді.

Қазақстан шахмат федерациясының ақпараты бойынша, матчтың бесінші турында біздің құрама жеңген (4,5:3,5). Алтыншы турында қарсылас команда(3,5:4,5).

Жетінші турда біздің қыздар шоттағы айырмашылықты азайтты (4,5:3,5), бірақ сегізінші тур Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз аяқталды (5,5:2,5). Әлем құрамасы әйелдер матчының екінші күнін 34,5 есебімен аяқтады.

Қазақстан әйелдер құрамасында - 29,5 ұпай.


Бүгін қыздар блиц ойнап, нәтижесінде жарыстың жеңімпазы анықталды. Жалпы сыйлық қоры - 50 000 доллар.

Әр құрама екі командадан құралды. «А» командасына - төрт ересек спортшы, ал «В» командасына 14 жасқа дейін, 16 жасқа дейін, 18 жасқа дейін және 20 жасқа дейінгі спортшылар кірді.

Қазақстандық «А» командасына Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, «В» командасына Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Лия Құрманғалиева, Зарина Нұрғалиева кірді.


Әлем құрамасының «А» командасының құрамына қытайлық Хоу Ифань, үнді шахматшысы Харика Дрюнавали, Әзербайжан өкілі Гюнай Мамедзаде, грузин шахматшысы Нана Загнидзе кірді. «В» командасында - Нұргүл Сәлімова (Болгария), Жока Гаал (Венгрия), Шри Б.Савита (Үндістан) және Афруза Хамдамова (Өзбекстан).

Әйелдер турнирі Ян Непомнящий мен Дин Лижэн арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионы матчына арналған іс-шаралар аясында өтті.

Ойын 9 сәуірде Астанада басталып, 1 мамырға дейін жалғасады.







Соңғы жаңалықтар