Қазақстанның «Шал» фильмі «Киношок-2013» фестивалінің бас жүлдесін ұтып алды
АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - ТМД елдері, Латвия, Литва және Эстонияның «КиноШок-2013» ашық кино фестивалінің бас жүлдесін қазақтың «Шал» фильмі ұтып алды, деп хабарланды фестивальдің сайтында.
Биылғы жылы «Киношоктың» негізгі байқауында бас жүлде үшін Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Ресей, Өзбекстан, және Эстониядан 11 толықметражды фильм сынға түсті. Байқаудың қазылар алқасында РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр режиссері Анатолий Васильев жетекшілік еткен топта режиссер және актер Александр Галибин, Латвия продюсссері Гатис Упмалис, кинотанушы Наталья Нусинова мен өткен жылғы «Киношок» фестивалінің жеңімпазы, грузин режиссері Заза Урушадзе болды.
Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлде қазақтың «Шал» фильміне берілді. Фильмнің сценарийін жазған әрі режиссері - Ермек Тұрсынов. Ал аталған фильмде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғұзақов «Үздік ер адам рөлі» аталымындағы жүлдені жеңіп алды.
«Бұл жақсылық жасасаң, оның қайтарымын сұрама дейтін ұлы даланың өсиеті, барға қанағат етіп, байлыққа қызықпаған көнбіс өмір ағымы, аңызға айналған көшпелілер мен олардың ұрпағының байланысы туралы туынды», - деген баға берілді автордың картинасына.
Еске сала кетсек, ТМД елдері, Латвия, Литва және Эстония елдерінің 21-ші ашық «Киношок» фестивалі 15-22 қыркүйек аралығында Анапада өтті.