Қазақстанның шетелдегі Елшіліктері Тәуелсіздік күнін кеңінен атап өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері еліміздің Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған бірқатар шара өткізіп, оған шетелдің үкімет, бизнес, жетекші БАҚ және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстанның шетелдегі Елшіліктері Тәуелсіздік күнін кеңінен атап өтті (ФОТО)

Іс-шара барысында шетелдік серіктестер Тәуелсіздік жылдары ішіндегі Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беріп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттілікті, этносаралық және дінаралық келісімді нығайтудағы, институттық реформаларды жүргізудегі және Қазақстанның халықаралық беделін арттырудағы рөлін айрықша атап өтті. ҚР Елшілері Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының негізгі басымдықтарымен таныстырып, 2015 жылы өткен негізгі мерейтойлық мерейтойлар, оның ішінде ҚР Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы жайында тарқата айтып берді. 2015 жылдың 3 желтоқсанында Бразилияда ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өтті. Іс-шара барысында барысында «Қазақстанның достары клубының» ашылу салтанаты өтіп, оның төрағасы болып белгілі қоғам және саясат қайраткері, Бразилия конгресінің бұрынғы депутаты Андре Захаров сайланды. Қазақстан және алдағы уақытта өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы имидждік бейнематериалдар, альбомдар мен кітаптар таныстырылды. Қонақтарды, әсіресе, «Қазіргі Қазақстан» фотокөрмесі айрықша қызықтырды. 2015 жылдың 7 желтоқсанында Мысырда, Ніл өзенінің жағалауында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өтті. Шара барысында Қазақстанның табиғаты, тарихи және сәулет ескірткіштері,елорданың заманауи сәулеттік ғимараттары жайында сыр шертетін фильм көрсетіліп, фотокөрме ұйымдастырылды. Салтанатты қабылдау соңында Астанадан келген «Белес» этнофольклорлық тобы өнер көрсетті. 2015 жылдың 7 желтоқсанда Ослода ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аталып өтілді. ҚР Елшісі қазақстандық-норвегиялық қарым-қатынастың барлық салаларын одан ары кеңейтуге, Қазақстан мен Норвегия халықтары арасындағы достықты нығайтуға мүдделік танытылатындығын баса айтты. 2015 жылдың 8 желтоқсанында Қазақстанның Катар мемлекетіндегі Елшілігі еліміздің Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өткізді. Ұлттық мерекеге орай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттерінің қатысумен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Сол күні Будапеште ҚР Елшілігі еліміздің Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өткізді. Оған Венгрияның Ауыл шаруашылығы министрі Шандор Фазекаш, Ұлттық экономика министрі Михай Варга сынды үкімет мүшелері қатысты. Шара барысында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының мажар тіліндегі нұсқасы таратылды. 2015 жылдың 8 желтоқсанында Канадағы ҚР Елшілігі Оттавада Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты қабылдау өткізді. Қабылдауға қатысушыларға "The Kazakhstan Way және Nursultan Nazarbayev: A Life Story of the First President of Kazakhstan" кітабы сыйға берілді. 8 желтоқсанда Мехикода да алғаш рет ҚР Тәуелсіздігі күніне орай ресми қабылдау өтті. Дәл осы күні Мексикада Қазақстанның әнұраны алғаш рет ойналып, келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Мұнан бөлек, Израильде, Мьянмада, Австрияда, Германияда, Францияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде еліміздің Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шаралар өтті.