Қазақстанның шығысында бұршақ жаууы ықтимал - 28 тамызға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның көптеген аумақтарында атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты 28 тамызда ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде,
жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнап, жел күшейеді, елдің шығысында бұршақ жаууы ықтимал.
Республиканың солтүстігінде таңертең және түнде жекелеген жерлерде тұман болады. Тек республиканың батысында күн райы жауын-шашынсыз болады, деп хабарлады Қазгидрометке сілтеме жасай отырып ТЖМ-нің баспасөз қызметі.
Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, күндіз Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында кей жерлерде 15-22 м/с жылдамдықпен жел соғады деп күтілуде.
Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, бұршақ түсуі ықтимал.
Түнде және таңертең Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жекелеген жерлерде тұман болады.
Атырау облысында күн қатты ысиды деп күтілуде.
Республиканың оңтүстік, кей жерлерде елдің батысында төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.
Алдағы тәуліктерде Батыс Алтайдың жекелеген өзендерінде жауын-шашынның жаууына байланысты су деңгейінің көтерілуі байқалады. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы өзендерінде су деңгейінің ауытқушылығы байқалады.