Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда айналымы $ 50 млрд құрады
Бұл туралы Ташкентте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің өнеркәсіп министрлерінің кеңесінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан делегациясының басшысы әріптестеріне Қазақстанның өнеркәсіп кооперациясы саласында жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.
«Қазіргі таңда бізде Ресей Федерациясымен өнеркәсіп саласында 60 кооперациялық жоба, Қытаймен жоғары технология салаларында қосылған құны жоғары 50 бірлескен жоба, Өзбекстанмен шамамен 15 жоба бар. Бүгін тәжік тарапымен екіжақты келіссөздер барысында өнеркәсіп кооперациясы бойынша одан әрі ынтымақтастық стратегиясын айқындадық. Үндістанмен арада тау металлургия кешені мен жердің сирек кездесетін материалдары бойынша ынтымақтастық бағыттары қызу талқыланып жатыр. Пәкістанмен жеңіл өнеркәсіп бағытында іс-қимыл дамып жатыр», - деді Марат Қарабаев.
Вице-министр Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы қарқынды өсіп келе жатқанын баса айтты. Өткен жылы ол 10 млрд доллар өсім көрсетті.
«2020 жылы тауар айналымы 40 млрд доллар болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ол 50 млрд долларға жетті. Осы 50 млрд ішінен - 31 млрд доллар өнеркәсіп бағытына тиесілі. Бұл әрине бізді қуантады, өйткені өнеркәсіптік тауар айналымы 62% құрады», - деп атап өтті вице-министр.