Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуі жан-жақты ынтымақтастыққа үлкен серпін береді – Руслан Мирзаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымының аймақтық терроризмге қарсы құрылымы атқару комитетінің директоры Руслан Мирзаев 2023-2024 жылдар аралығында Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуі жан-жақты ынтымақтастыққа үлкен серпін береді – Руслан Мирзаев

«Қазақстан Республикасын Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуімен құттықтаймын. Сонымен бірге, осы кәсіби төрағалық аясында біздің іргелі құжаттарымызда көзделген жан-жақты ынтымақтастыққа үлкен серпін береді деп сенемін. Өйткені Қазақстан ұйымдастыру, интеграциялық процестерде, экономикалық ынтымақтастықта, оның ішінде қауіпсіздік мәселелерінде жоғары практикалық бағыттылығымен ерекшеленеді», - деді Руслан Мирзаев.

Спикер қазір қауіпсіздік мәселесі өзекті екенін атап өтті.

«Біздің өңірлерде жиі кездесін қауіптер – ортақ. Атап айтар болсам, контрабанда, есірткі, қару-жарақ, экстремизм мен терроризм, заңсыз көші-қон. Өкінішке қарай, олардың өзектілігі азаймай отыр. Бірақ құзырлы органдар басшыларының арасында біз бұл мәселелерді бірлесіп шешуге, бейбітшілікті, тыныштықты және ел халықтарының жасампаз жұмысын қамтамасыз етуге міндеттіміз деген түсінік бар», - деп қосты ол.

Руслан Мирзаев Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер қатарына кіруіне қатысты өз ойын білдірді.

«Бізді қауіпсіздік мәселесі біріктіреді... Менің ойымша, Иран Ислам Республикасының ұйымға кіруімен біз заңсыз миграцияның жолын кесу, «зұлымдықтың үш күшімен» (трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі және киберқылмыс) күресу арналары арқылы ынтымақтастық орнататын боламыз. Өйткені бұл аймақ арқылы есірткінің көп мөлшері өтеді», - деп атап өтті Руслан Мирзаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңа даму стратегиясын қабылдау керектігін айтқан болатын.

Айта кетейік, Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің шекаралық қызметі мен құзыретті органдары басшыларының 9-шы отырысы өтіп жатыр.