Қазақстанның солтүстігінде 30 градусқа дейін аяз күтілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда алдағы 3 күнде ауа температурасы уақытша төмендеп, күн суытады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлады.

Қазақстанның солтүстігінде 30 градусқа дейін аяз күтілуде

Атап айтқанда, республикада алдағы тәулікте ауа температурасы климаттық нормадан 3...8°С-қа жоғары болады.

«Шығыс Қазақстан облысында 28 ақпанда күндіз ауа температурасы уақытша +5 градусқа көтеріліп, қар мен жаңбыр жауады. Соның салдарынан қар мен мұз еріп, мұз-сең кептелісі пайда болады және өзен  суы көтеріледі.

Кейін, 1-2 наурызда облыста ауа температурасы -20-25 градус, күндіз -15-20 градусқа дейін төмендейді және қар жауады. Кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ күтілуде, желдің жылдамдығы 15-20 м/с, 28 ақпаннан 1 наурызға дейін оның екпіні 23-28 м/с болады», - делінген хабарламада.

28 ақпанда Қарағанды облысында ауа температурасы +3 градусқа уақытша көтеріліп, қар мен жаңбыр жауады. Соның салдарынан қар еріп, мұз жамылғысы жұмсарады, жазық аумақта еріген су жиналады. 1-2 наурызда ауа температурасы түнде -17-25 градусқа дейін, күндіз -13-28 градус төмендейді және қар жауады.

1 наурыздан бастап солтүстік облыстарға арктикалық ауа ағыны таралса, 2 наурыздан бастап Қазақстанның басқа аумағын қамтитын болады. Түнде температура -20-30°С-қа қайта түсіп, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 10-20°С-қа дейін, оңтүстіктің шеткі аумағында -3-10°С-қа төмендейді.

Сонымен қатар, республиканың басым бөлігінде қар, бұрқасын күтілуде,  жылдамдығы 15-25 м/с жел тұрады, оңтүстік бөлікте тұман түсіп, көктайғақ болады. Күн уақытша суытады, 3 наурызда солтүстік ағындар батысқа ауысып, соның ықпалымен ауа температурасы жоғарылайды.