Қазақстанның солтүстік өңірлерін Ресейге «қайтару» керек деп жүргендерге БАҚ қажет емес пиар жасауда - ҚР СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның солтүстік өңірлерін Ресейге беру керек деп әлеуметтік желілерде даурығып жүргендерге БАҚ өкілдері қажет емес пиар жасауда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап беру барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтты.
«Егер де біз мұндай маргиналды топтарды жиі еске алып, жиі айта беретін болсақ, өзіміз оларға еріксіз пиар жасаймыз. Олардың бұрындары Ресей Федерациясына қарасты жерлерді қайтару керек-мыс деген ашу туғызар сөздерді айтудағы көздегені де - осы», - деді ол.
Оның айтуынша, осындай топтардың сөздеріне БАҚ өкілдері неғұрлым аз назар аударса, бізге тиетін пайдасы да соғұрлым көп болмақ. Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, бүгінде әлеуметтік медиа ешқандай тұсау салынбайтын ерекше кеңістік. «Сіздер адамдардың ойларын бақылауда ұстап отыра алмайсыздар ғой», - дейді Е. Ашықбаев.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан мен оның маңызды стратегиялық әріптесі - Ресей Федерациясы арасында ешқандай территориялық келіспеушілік жоқ.
«Біз ең алдымен осы ресми ұстанымға нық болуымыз қажет», - деді Е. Ашықбаев.