Қазақстанның сот қорғау деңгейі ЭЫДҰ жоғары стандарттарына сай - Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының әділет жүйесі және құқықтық үстемдігі ашықтықтың, кәсібиліктің жаңа сапалы сатысына шығып отыр, деп атап өтті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Қазақстанның сот қорғау деңгейі ЭЫДҰ жоғары стандарттарына сай - Н. Назарбаев

«Қазақстандықтардың және бизнес субъектілерінің құқықтарын сот арқылы қорғау деңгейі енді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жоғары стандарттарына сай келеді», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының сөзі бойынша, қазіргі уақытта еліміздегі сот залдарының 75 пайызы аудиожазба жүйелерімен қамтамасыз етілген және бұл жұмыс ары қарай жетілдіріле бермек.

«Бізде сот ісін қараудың бес деңгейі болған еді, қазір ол үшке дейін қысқартылды», - деп атап өтті Президент.

Елбасының хабарлауынша, сот корпусының біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын судья қызметіне үміткер 100 маман оқытылып отырмақ.

Сондай-ақ, Жоғарғы Сот жанында Сот Төрелігі академиясы құрылды.

Елбасы ағымдағы жылдың екі айы ішінде сот қазылар алқасына судьялардың қызметіне қатысты барлығы 50 қазақстандық шағым түсіріп үлгергендігіне тоқталып өтті.

«Атқару өндірістерінің дені жеке сот орындаушыларға берілген. Олардың саны бүгінде 1046. Жергілікті полиция құрылды. Полициялардың халық алдында есеп беру тәжірибесі енгізілуде. Қазір кез келген азамат құқық қорғау органдарының жұмысын интерактивті мүмкіндіктер арқылы бағалай алады. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың электронды картасы бар», - деп атап өтті Н.Назарбаев.