Қазақстанның сот жүйесі Гаагадағы Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастықтың құрамына кірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 16-21 мамыр аралығында Нидерланды Корольдігінде ҚР Жоғарғы сот делегациясының жұмыс сапары өтуде. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның сот жүйесі Гаагадағы Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастықтың құрамына кірді

Делегация құрамында Жоғарғы соттың судьясы Мадияр Балкен және Жоғарғы соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов болды.

16-17 мамырда делегация Халықаралық қылмыстық соттың штаб-пәтерінде (ICC) және Нидерланды Корольдігі Қауіпсіздік және әділет министрлігінің Зерттеу және құжаттау орталығында (WODC) болды. Кездесу барысында қазақстандық тарап көрсетілген ұйымдардың жұмысымен танысты, ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу туралы келісімге келді.

18-20 мамырда делегаттар Гаагадағы Дүниежүзілік сауда орталығында өтіп жатқан IАСА 11-аумақтық конференциясына қатысты. Форумның тақырыбы: «Сот төрелігін басқаруға өңірлік және жаһандық көзқарасты насихаттау». Конференция жұмысы бірқатар тақырыптық сессия бойынша өтті.

Конференцияда судья М. Балкен Қазақстан Республикасындағы сот әкімшілігі жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды таныстырыпшықты. Баяндама аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде қарастырылған реформаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бұл Сот төрелігі академиясын, Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңесті, AIFC Халықаралық арбитраждық орталықты және Астана қаласындағы қаржы сотын құру, инвестициялық даулар бойынша сот ісін жүргізуі қызметінің басталуы.

IАСА-мен келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бұл ұйымның қатысушысына айналды. Қауымдастықтың басқармалар кеңесінің шешімімен судья Мадияр Балкен Орта Азия, Ресей, Түркия және Моңғолия елдері үшін IАСА-ның өңірлік вице-президенті болып сайланды.

IАСА-ның бас кеңсесі Верджинияда (АҚШ) орналасқан. Заңның үстемдігін ұстанған елдерде кәсіби сот әкімшілігін енгізуді  IАСА өзінің миссиясы деп санайды. IАСА сот әкімшілігі және басқару бойынша халықаралық конференцияларды, форумдарды, білім беру және тренингтік бағдарламаларды қаржыландыруға, сондай-ақ судьяларға, соттар әкімшілеріне және басқа қызметкерлерге сот жүйесін жетілдіруге ресурс беруге бағытталған.

Қауымдастықтың қызметі сот жүйесін және әкімшілік құрылымдарды басқару, сот жүктемесін реттеу, сот іс жүргізуін оңтайлы басқару практикасын құру, автоматтандырылған сот-ақпараттық жүйелерді енгізу және т.б. сот әкімшілігінің практикалық аспектіне бағытталған.

IАСА-ның әртүрлі құрылымдарына АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания, ГФР, Нидерланды, Италия, Швейцария, ҚХР, Аргентина, Моңғолия, Индонезия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан өкілдері қатысады.

Конференция шеңберінде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу мәселелері жөніндегі материалдардың тұсаукесері өтті.