Қазақстанның спорт мектебі ең үлкен мектептердің бірі - ресейлік боксшы Н.Валуев
АНА. 3 шілде. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Экшн-фильмдердің «Астана» халықаралық фестиваліне қатысуға келген аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы, ресейлік боксшы Николай Валуев Қазақстанның спорт мектебі ең үлкен мектептердің бірі деп санайтындығын айтты.
Кеше кешқұрым фестиваль аясында «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында Н.Валуевтың басты рөліндегі «Каменная башка» фильмінің көрсетілімі болды.
«Бұл менің алғашқы басты рөлім. Алғашқы салмақты тәжірибем. Түсірілімдер бір жарым айға созылды. Бұл қызықты тәжірибе болды. Себебі мен басқа саланың адамымын ғой. Түсірілімнен кейін кино өнері - қажырлы, ауыр еңбек екенін түсіндім», - деді ол кино көрсетілімі басталғанға дейін журналистерге берген сұхбатында.
«Мен бұл киноны үш рет көрдім. Драмалық оқиға. Оны көргенде жүрегім сыздайды. Сондықтан, сіздердің рұқсаттарыңызбен «Кариб теңізінің пираттарын» көрейін», - деп қалжыңдады ол.
Журналистердің: «Қазақстандық әріптестерінің арасында кіммен жақсы таныссыз?», деген сауалына: «Серік Қонақбаевты танимын. Бірақ доспыз деп айта алмаймын. С.Қонақбаев қазақстандық бокс үшін аңыз адам. Оны Кеңес Одағындағылардың барлығы біледі. Қазақстанның бокс мектебі ең үлкендердің бірі. Қазақстанның боксшылары қашан да болған және олар жоғары белестерге қол жеткізе бермек. Себебі сендерде тәлімгерлермен, орын басар ұрпақпен және Үкіметтің, Туризм және спорт министрлігінің боксқа қарым-қатынасымен барлығы жақсы», - деп түйіндеді боксшы.
Николай Валуев - аса ауыр салмақтағы дәрежеде өнер көрсететін ресейлік кәсіби боксшы. 1999 жылғы Ресей чемпионы. Паназиаттық бокс қауымдастығының нұсқасы бойынша әлем чемпионы (2000 жыл), Дүниежүзілік бокс қауымдастығының нұсқасы бойынша әлем чемпионы (ВБА (WBA) 2005 жылдың 17 желтоқсанынан 2007 жылдың 17 сәуіріне дейін және 2009 жылдың 27 шілдесінен 7 қарашасына дейін), WBA нұсқасы бойынша әлемнің уақытша чемпионы (2008 жылдың 30 тамызынан - 2009 жылдың 27 шілдесіне дейін). Валуев WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын Дэвид Хэйге ұтылып қалған 2009 жылдың қарашасынан бері рингке шыққан жоқ.