Қазақстанның спортшылары, саясаткерлері мен эстрада жұлдыздары экстремалды ойындарға қатысады
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанның спортшылары, саясаткерлері және эстрада жұлдыздары «Фобия» жаңа реалити-шоуына қатысып, жан түршіктірер, экстремалды тапсырмаларды орындайды.
Ойындар 1 ақпаннан бастап «Ел Арна» телеарнасынан көрсетіле бастайды.
«Фобия» жаңа жобасында қатысушылар үшін тарақан, тышқан, жылан қосылған дәмтатымдар мен көптеген тосын сыйлар дайындалуда. Жоба жеңімпазы шетелге жолдама алады.
Отыз қатысушыны, солардың ішінде әнші Меруерт Түсіпбаева, актер және тележүргізуші Дастен Шакиров, танымал әнші Інжу, «Меломен» тобының әншісі Жігер Ауыпбаевтарды қауіпке толы әрі жиіркенішті сынақтар күтіп тұр. Сыннан өте алмаған жағдайда қатысушы ойыннан шығады, ал қалған ойыншылар келесі одан да үрейлі, қатерлі жаңа айналымда сыналады.
«Шоу ұраны - «әркім өзі үшін», қатысушы өзінен басқа ешкімге арқа сүей алмайды. Қатысуға келісімдерін берген тұста шоу-бизнес, саясат және спорт жұлдыздары алдарында қандай сындар дайындалып жатқандығанан бейхабар болды. «Фобия» - ешкімді бей-жай қалдырмайтын 100% адреналинге толы! Шоу «Ел Арна» телеарнасынан әр жұма сайын сағат 21.40-та көрсетілетін болады. Қайталау - сенбі сағат 19.00-де», - делінген таратылған баспасөз хабарламасында.