Қазақстанның сулы-батпақты алқаптарындағы жабайы құстарды көктемде атуға тыйым салу қажет

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанның сулы-батпақты алқаптарындағы жабайы құстарды көктемде атуға тыйым салу мәселесі көтеріліп отыр.

Қазақстанның сулы-батпақты алқаптарындағы жабайы құстарды көктемде атуға тыйым салу қажет

Бұл туралы бүгін Астанада «Жыл құстары мекен ететін маңызды сулы-батпақты алқаптарды кешенді түрде қорғау» жобасын басқару бойынша ұлттық комитеттің 12-отырысында аталған жобаның ұлттық менеджері Талғат Кертешев айтты.

Сулы-батпақты алқаптағы аңшылық жерлердің ерешелігі және аңшылық шаруашылықты жүргізудің жоспарын құру бойынша әдістемелік жобасы әзірленгеніне тоқталған ол, «осы орайда Алматыда біз аңшылық қоғамдастықпен бірлесе арнайы семинар өткіздік. Онда сулы-батпақты алқаптарда көктемде аңшылық кәсіпке тыйым салу мәселесін көтердік және осы бағытта атқарылатын шараларды маңызды деп санаймыз»,- деді.

«Атап айтқанда, өткен жылы Қорғалжында аңға шығуға тыйым салынған болатын. Биыл біз үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе суда жүзетін жабайы құстарды көктемде атуға тыйым салу ұсынысын енгізіп отырмыз»,- деп түйіндеді сөзін Т. Кертешев.