Қазақстанның сыртқы барлаушылары біршама еркін жұмыс істейтін болады - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыртқы барлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланды.

Қазақстанның сыртқы барлаушылары біршама еркін жұмыс істейтін болады - Сенат

Заң жобасында сыртқы барлаудың және арнаулы мемлекеттік органдардың субъектілері үшін басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын дайындап, рәсімдеу құқығын ұлттық қауіпсіздік органдарына бекіту нормалары қарастырылады. Бұдан бөлек, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары және ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары сыртқы барлаудың субъектілері ретінде айқындалатын болады. Сонымен қатар, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланады.

Барлау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жеке басын жедел бүркемелеу мақсатында басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын дайындау, оны рәсімдеу құқығы ұлттық қауіпсіздік органдарына бекітіледі. Жедел іздестіру қызметінің субъектілерінің арнайы жедел іздестіру іс-шараларын техникалық жүзеге асырудағы өкілеттіктері шектеледі. Жалпы, заң жобасы қазақстандық барлаушыларға әлдеқайда еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Соның ішінде «Сырбар» қызметі мемлекеттік органдармен, оның ішінде министрліктермен ашық әрі нақты жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Талқылаудан соң сенаторлар заң жобасын палатаның қарауына шығару туралы шешім қабылдады.