Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ыстанбұл мен Душанбеге барады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтып берді.

«17 қазанда Ыстанбұл қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысына қатысады. Шара барысында биылғы қараша айында Самарқанд қаласында жоспарланған ТМҰ мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық мәселелерін қарау және саммит барысында қол қойылатын құжаттардың жобаларын түпкілікті келісу күтіліп отыр», - деді ресми өкіл министрлікте өткен брифингте.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында құрылған. ТМҰ хатшылығы Ыстанбұл қаласында орналасқан.

Қазіргі уақытта ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстанның бақылаушы мәртебесі бар.

Сонымен бірге, Мұхтар Тілеуберді 18-19 қазанда Душанбе қаласында «Терроризмге қарсы күрес және террористердің трансшекаралық қозғалысын болдырмау мақсатында шекара қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық және өңірлік ынтымақтастық» атты жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияға барады.

«Бұл шараның негізгі мақсаты – шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, террористер мен террористік топтардың қозғалысына жол бермеу, маңызды мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамыту. Екі күндік конференцияны Тәжікстан Үкіметі, БҰҰ-ның Контртеррористік басқармасы (БҰҰ КТБ), БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатиясының өңірлік орталығы, Еуропалық одақ (ЕО), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігі және Қатар Мемлекеті бірлесіп ұйымдастырады», - деді А. Смадияров.




Фото: пресс-служба МИД РК




Соңғы жаңалықтар