Қазақстанның сыртқы істер ведомствосы «Париж-Рим» ұшағына қатысты оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр
деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне сыртқы саясат ведомтвосының ресми өкілі.
«Біз қазір оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі тексеріп жатырмыз. Әлгі адамның шын мәнінде Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы өкілдігінің кеңесшісі ме, әлде жоқ па, оны әзірге нақты білмейміз. Толық және нақты мәлімет алғаннан кейін ғана түсіндірме бере аламыз», деді А.Әбдрахманов.
Бұған дейін ресейлік РБК агенттігі ВВС телекомпаниясына сілтеме жасап, Қазақстан азаматы пышақпен қорқытып, Ливияға жолаушылар ұшағын айдап әкетпек болды деген ақпарат таратқан болатын.
Alitalia әуекомпаниясы өкілдерінің хабарлауынша, Париж-Рим бағытындағы лайнерінде белгісіз біреу адамдарды пышақпен қорқытып, ұшақты Ливия елордасы - Триполиге бұруды талап еткен. Компания өкілдерінің айтуынша, борт экипажы әлгі қарақшыны өздері қарусыздандырып, аяқ-қолын матаған, бір борт жолсерігі кішігірім жарақат алған.
Күдікті ұшақ жерге қонғаннан кейін Рим полициясының қолына ұстап берілді. Куәгерлердің айтуынша, «ол өз әрекетіне өзі жауап бере алмайтын жағдайда болған». Кейіннен, әлгі азамат Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы өкілі деген ақпарат таратылған. Италия полициясының өкілдері оның 48 жастағы Валерий Толмачев екенін хабарлап отыр. Оқиға бойынша тексеру жүргізілуде.