Қазақстанның сыртқы нарыққа астық экспортын бір ғана экспортер жүргізуі керек - депутат Р. Мадинов

ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанға сыртқы нарыққа астық экспорттаумен айналысатын бірегей экспортер керек.

Қазақстанның сыртқы нарыққа астық экспортын бір ғана  экспортер жүргізуі керек - депутат Р. Мадинов

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Ромин Мәдинов осылай мәлім етті.

«Бізге бүкіл республика бойынша бір ғана экспортер керек. Мейлі бұл Азық-түлік корпорациясы болсын, мейлі Канададағы секілді барлық тауар өндірушілерді бір орталыққа жинайтындай болсын, әйтеуір бұны жасау маңызды. Мен бұған кәміл сенемін»,- дейді Р. Мәдинов. Оның айтуынша, бір ғана экспортер қалыптастырудың бірқатар артықшылықтары баршылық. «Біріншіден, астық демпингтік баға бойынша сатылмайды. Екінші жағынан, бұл біздің шетелдік әріптестеріміз үшін де аса тиімді. Ал бүгін не болып жатыр? Қазақстандық әріптестер тасымалдау үшін вагондар жетіспеушілігінен қырқысып жатыр. Өйткені вагон жетіспеушілігі айқын. Ал шетелге жоспарлы түрде астық тасымалдаудан еш қорқыныш жоқ әрі әлемдік қабылданған тәжірибе де соны көрсетіп отыр», - дейді Р. Мәдинов.