Қазақстанның сыртқы саясаты үшін жыл жақсы басталды - Досым Сәтпаев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Сириядағы қақтығыстар бойынша 23-24 қаңтар күндері Астанада өткен келіссөздерге қатысты түйін жасап, пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астанада Сириядағы қақтығыстарды реттеу бойынша келіссөздер өтті. Сыртқы саясат тұрғысынан қарағанда Қазақстан үшін жыл жақсы басталып отыр. Өйткені, бұл (келіссөз - авт.) еліміздің сыртқы саясатына пайда әкеледі. Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі айтарлықтай маңызды ойыншы ретіндегі деңгейін көтеріп, түрлі мәселелерді реттеуде арағайын ретіндегі елдің имиджін нығайтуы мүмкін. Біздің еліміз бұл салада өзін жақсы жағынан көрсетіп отырғаны бірінші рет емес», - деді Досым Сәтпаев.
Сонымен қатар, саясаттанушы Қазақстан өзін кез келген қақтығысты жағдайларды ретттеуде посткеңестік кеңістікте басты модератор ретінде көрсетуге тырысып отырғанын айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы саясаты осы елдің мемлекет басшысымен байланысты.
«Еліміздің сыртқы саясатын формальді түрде Сыртқы істер министрлігі жүргізеді, ал негізінен оны жүзеге асыратын мемлекет басшысы. Президенттің Қазақстан әлемдік қатынастар жүйесінде қай орында болуы керектігі, республика қандай саясатты жүргізуі қажеттігі туралы жеке түсінігі біздің ашық сыртқы саясатымызда айқын көрінеді. Бұл көптеген серіктестердің көңілінен шығады», - деді ол.
Досым Сәтпаев бұл жағынан Қазақстан белсенді сыртқы саясатымен посткеңестік кеңістікте айқын ерекшеленгенін айтты.
«Республикамыз көптеген халықаралық ұйымдарға қатысып, түрлі деңгейдегі аймақтық ірі құрылымдардың барлығына кірді. Сонымен қатар, Қазақстан әрқашан жаһандық, аймақтық саясат саласында әртүрлі идеяларын ұсынып келеді. Қазақстан ядроға қарсы аймақ құру идеясын ұсынды. Әр тақырыптағы қайшылықты мәселелерді реттеуде ұсыныстар беру жағынан біздің еліміздің үлкен тәжірибесі бар», - деді саясаткер.