Қазақстанның табиғи байлығы халыққа тиесілі болады – ҚР Президенті
Мемлекет басшысы Алматы еліміздің ғылым мен білім ордаларының бірі екенін атап өтті.
– Әйгілі Қаныш Сәтбаев осы қалада Ғылым академиясының негізін қалаған. Көптеген ғалымдарымыз Академия қабырғасында қазақ ғылымын дамытуға орасан зор үлес қосты. Аға буынның абыройлы жолы лайықты жалғасын табуға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең қымбат әрі капиталы мол компаниялар финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да озық технологияға негізделген өнім шығаратынына, қызмет көрсететініне тоқталды.
– Олар әлемнің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатыр. Себеп – біреу, ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы негізінен мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Қазақстанда жоғары санатты техникалық кадр тапшылығы сезіледі.
– Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәртебелі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды. Соңғы жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жеріміздің түрлі ресурсқа бай екенін, Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесіндегі бүкіл элемент кездесетінін айтты.
– Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ережені Конституция деңгейінде бекіттік. Алайда еліміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан мемлекеттің ең басты міндеті – олардың өз қарым-қабілетін іске асыруына барлық қажетті жағдайды жасау, – деді Президент.
Фото: akorda.kz