Қазақстанның тағы 19 вокзалында «105» бірыңғай ақпарат қызметі жұмыс істей бастады
АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылғы маусымның 1-інен бастап Қазақстанның тағы 19 вокзалында «105» бірыңғай ақпараттық қызметі жұмыс істей бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Өткен жылдың ақпан айында Астана, Ақтөбе, Алматы-1 және Қарағанды стансыларының вокзалдарында алғаш рет «105» анықтама қызметі іске қосылған еді, енді оларға Қостанай, Павлодар, Атырау, Арыс, Аягөз, Түркістан, Түлкібас, Шымкент, Жамбыл, Шу, Луговая, Защита, Сарышаған, Семей, Достық, Орал, Маңғыстау, Қызылорда және Көкшетау қалалары мен стансылары қосылды. Келесі жылы тағы да 112 вокзал бірыңғай ақпарат қызметімен қамтылмақшы. «105» анықтамалық қызметі пойыздардың қозғалысына, билеттер бағасына, орындардың бар-жоқтығына қатысты барлық ақпаратты береді. «105» нөмірі еске оңай сақталады және бүкіл республика көлемінде қызмет көрсетеді, енді бұрынғыдай алты санды нөмірді теріп жатудың қажеттігі жоқ, қаланың кодын есте сақтасаң болғаны. Бұл қызмет Қазақстаннан ғана емес, ТМД елдерінен соғылған қоңырауларды да қабылдай алады. Жолаушылар пойыздарының қозғалысы туралы ақпарат беретін мұндай жүйе бүкіл ТМД аумағында жұмыс жасайтын болады және ол вокзалдың кімнің меншігіне жататынына қарамастан Қазақстанның әрбір вокзалында енгізіледі.