Қазақстанның танымал суретшілері Абай еліне үздік туындыларын тарту етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық қорық-музейінде «Киелі Шыңғыстау» көрмесі ашылды. Көрмеге Абай мен Шәкәрім дүниеге келген киелі өңірді бір апта бойы аралаған суретшілердің туындылары қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайының баспасөз қызметінен хабарлағандай, көрмеге Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына орай ұйымдастырылған симпозиум барысында салынған туындылар қойылған. Бір апта бойы Қазақстанның әр өңірінен келген суретшілер Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды халқының ұлы перзенттерінің іздері қалған жерлермен жүріп, ауасын жұтып, көрікті де шежірелі Шыңғыстау өңірінде: Бөрілі, Күшікбай асуы, Тұма көлі, Жидебай, Үйтас, Кіші Орда, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Абайдың анасы мен әжесі - Ұлжан мен Зере зираты, Кеңгірбай би мазары, Шыңғыстау, Архат тауларының әсем жерлерінде, табиғат аясында плэнер өткізіп, 110-нан аса өнер туындысы салынды.
Көрменің ашылу салтанатында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков алғы сөзімен бастап, симпозиумға қатысқан барлық суретшілерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, Астана қаласының Суретшілер Одағының төрағасы, мәдениет қайраткері Тоқтар Ермеков, ҚР Суретшілер Академиясының толық мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, академик Мәжит Байтеновке, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, академик Марат Туксаитовқа, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, кескіндемеші және график, педагог Төлеуғазы Байғалиевке «Абай» медалін табыстады.
Аталмыш шарада Астана қаласының Суретшілер Одағының төрағасы Тоқтар Ермеков Абай музейінің бір топ қызметкерлерін Астана суретшілер Одағының «Құрмет» мәртебелі төсбелгісімен марапаттады. Атырау қаласынан келген Ж.Әділқайыр да Абай музейінің әкімшілігіне ризашылығын білдірді.
Симпозиумға қатысқан суретшілер Абайдың қара шаңырағына 50-ден астам туындыларын тарту етті.