Қазақстанның таулы өңірлерінде 119 мың үй тіркелмеген

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мәжілістің жалпы отырысында депутат Омархан Өксікбаев сейсмологиялық аудандарда үйлерді пайдалануға беру бағытында туындаған проблемаларды мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның таулы өңірлерінде 119 мың үй тіркелмеген

Осы орайда ол сейсмикалық белсенді аудандарда үйлерді пайдалануға беру тұрғысында ерекше нормаларға қатысты мәселені көтерді.

«Нормалар жобалау-сметалық құжаттама мен оның сараптамасының болуын, мердігерлік шартты, құрылыс барысына келісімдік негізде техникалық және авторлық бақылауды іске асыру қамтиды. Заңнамада өкілетті органның тиісті техникалық қызметтерді тіркеуі, мердігерлік ұйымдарды лицензиялауы бағытында бірқатар жұмыстарды жүргізуі ескерілген. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар осы аудандарда жеке тұрғын үй құрылысы мәселелерінде жаңа талаптарды жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс еді. Азаматтардың өтініміне сүйенсек, аталған өңірлерде жеке тұрғын үй құрылысы тұрғысында құрылыс пен нысанды пайдалануға берген кезде заңнама нормаларының талаптарын қамтамасыз ету бойынша құзырлы органдармен тиісті жұмыстар жүргізілмеген»,-деп тоқталды депутат Үкімет басшысы Б. Сағынтаевқа арналған сауалында.

Осы орайда ол әсіресе ауылдық жерлерде жобалық және мердігер ұйымдардың, тіркелген сарапта қызметтері мен техникалық бақылау қызметтерінің жетіспеушілігі азаматтардың үйлерді заңның нормаларын орындамай салуына, сондай-ақ қажетті қызметтердің шамадан тыс өсуіне алып келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл факторлар ауылдық жерлерде құрылыс қарқынын тежеп тұр, сонымен қатар әділет органдарында баспананы тіркеуде кедергілер тудыруда.

«Бүгінде құзырлы органдардың мәліметінше, бес өңірде, яғни Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында жалпы ауданы 9,9 млн. шаршы метрді құрайтын тіркелмеген 119 мыңға жуық жеке үйлер мен құрылыстар анықталған. Жеке тұрғын үйдің тіркеуде тұрмауы адамдарға балаларын мектеп пен балабақшаға орналастыруға, ауруханаға тіркелуге, жұмысқа тұруға, мемлекеттік әлеуметтік көмек алуға, сондай-ақ шаруашылығын жүргізуге мүмкіндік бермейді»,-деді О. Өксікбаев.

Сөз соңында депутат аталған мәселені қарастыру барысында сейсмикалық белсенді аудандарда жеке тұрғын үйлерді салу тетіктерін жеңілдетуде тиісті шараларды қамту керектігін сұрады.