Қазақстанның теннис федерациясы өз спортшыларына жылдық баға берді

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Теннис федерациясы жылдық жұмыстың қорытындысын шығарды.

Қазақстанның теннис федерациясы өз спортшыларына жылдық баға берді

Іс-шараға Федерацияның вице-президенті Әділ Бүрлібаев қатысты.

«Сөз жоқ, Қазақстандағы кәсіби теннистің өтіп бара жатқан жылдың нәтижелеріне біз ризамыз. Біздің жігіттер мен қыздар кәсіби турларда команда болып өнер көрсетуде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Өкінішке орай, олардың кейбірі жекелей сында үлкен жетістіктерге қол жеткізе алмады. Естеріңізде болса, жақында ғана Михаил Кукушкинге жамбас сүйегіне ота жасады. Дегенмен, бұның алдында ғана ол Дэвис Кубогі жолындағы жарыстың алғашқы турында Өзбекстан құрамасымен өткізген ойында, азулы Истоминді жеңіп, Қазақстанға соңғы шешуші ұпай әперген еді», - деді Ә.Бүрлібаев.

Федерация басшысының орынбасары, сонымен қатар, халықаралық аренада бағы мен бабы қатар жанған спортшылардың да есімін жеке-жеке атады.  

«Қыздар арасында жеке рейтингте Шведованың жетістігі айтарлықтай болды. Ол WTA әлемдік рейтингісіндегі үздік 30 теннисшінің қатарына енді. Биыл Халықаралық теннис қауымдастығы Шведованы жыл серпіндісі деп таныды. Галина Воскобоева аздап рейтингте төмен сырғыды. Сесиль Каратанчева бұрыңғы деңгейінде қалды. Ал Юлия Путинцова үлкен жұмысты атқарды. Оның еңбекқорлығы мен еңбексүйгіштігі үлгі тұтарлық. Маусым аяқталуға жақын болса да, ол өз рейтингін жақсартуды доғарған жоқ. Осылайша, ересектер арасында 106-сатыға көтерілді және Australian Open турнирінің тарихында ең жас теннисшісі атанатын болды», - деп атап өтті ол.  

Оның айтуынша, кәсіби тұрғыда өсіп келе жатқан жас спортшылар жетерлік. Анна Данилина, Алена Немчен, Кәмила Керімбаева, Екатерина Клюева мен Александра Гринчишина сынды спортшы қыздар әлемдік додаларда жеткен жетістіктері тәуір-ақ.

«Олар біздің негізгі құрамымыздың артынан өкшелеп келе жатқан жас буын өкілдері. Осы спортшылардан біз қосалқы құрамды жасақтайтын боламыз. Ерлер арасында жағдай өте ауыр. Мен тек Испанияда күні бүгінге дейін жаттығып келген Денис Евсеевтің есімін атай аламын. Қазір оған жеке жаттықтырушыны таптық. Жұмыс келесі жылдан басталады. Евсеевтен кейін тек 16 жастағы балғындар бар», - деп түйіндеді сөзін Ә.Бүрлібаев.