Қазақстанның төрт облысында құтқарушылар адамдарды қар құрсауынан шығаруда (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде Қазақстанның төрт аймағындағы автожолдарда шұғыл қызмет құтқарушылары адамдар мен автотехникаларды қар құрсауынан шығару жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстанның төрт облысында құтқарушылар адамдарды қар құрсауынан шығаруда (ФОТО)

Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.

«Ақтөбе облысының Қарғалы және Хромтау аудандарында ауа райының нашарлауына байланысты аудандар әкімдерінің шешімдерімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Күрделі метеорологиялық жағдай - бұрқасын, көктайғақ болуына байланысты қазіргі кезде Ақтөбе облысында автожолдардың 8 учаскесі жабылды, оның ішінде төртеуі - республикалық маңғыздағы жолдар.

Ақтөбе облысында ғана жолдарды тазартуға 500 бірлікке тарта қардан тазартатын техника жұмылдырылды», - деді Р.Иманқұлов.

Оның айтуынша, сондай-ақ апаттық-құтқару жұмыстары және адамдарды көшіру Солтүстік қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында жүргізілуде.

Аталған облыстарда алдын ала мәліметтер бойынша қар құрсауында барлығы 190 бірлікке жуық автотехника қалған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Солтүстік Қазақстан облысының үш ауданында - Айыртау, Жамбыл, Шал ақын аудандарында төтенше жағдай режимі жарияланды.

«Облыстарда төтенше жағдайлар департаменттерінің дағдарыс орталықтарында төтенше жағдайларды жою жұмыстарын үйлестіру штабтары жұмыс жасайды. Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету мақсатында психологиялық қызметтер іске қосылған. Төтенше жағдайларды жою жұмыстары шұғыл қызметтер, билік органдары арасындағы тығыз өзара іс-қимылда жүргізілуде», - деді Руслан Иманқұлов.
null null null null null