Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасы елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың бірден-бір тура жолы екендігі іс жүзінде дәлелденіп келеді. Әсіресе, транспорттық логистика мен инфрақұрылымды дамытудағы рөлі айрықша маңызға ие болып отыр.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің транспорттық-логистикалық мүмкіндіктерін жақсаруға бағытталып,  бағдарлама аясында бірнеше жол тораптары  салынып, қолданысқа берілуде.  Бағдарламаның «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша 15 жоба, соның ішінде автокөлік жолдары саласында - 11, теміржол саласында - 2, су және әуе жолдары көлігінде 2 жоба жүзеге асуда. Яғни,  елімізде автокөлік жолын да, темір жолын да салу қарқынды жүргізіліп жатыр.

 Ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие болып отырған Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Қазақстанның 5 облысының аумағы арқылы өтіп, Қытайдан шыққан тауарды Еуропадағы діттеген жерге небәрі 15 тәулікте жеткізуге мүмкіндік беретін бұл мегажобаның құрылысы 2016 жылы толығымен пайдалануға берілетін болады. Аталған жұмыстарды тыңғылықты атқару үшін мол қаржының да керек екендігі түсінікті. Ол қаржы бар да. Атап айтқанда, 2015 жылы жол жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан - 178 млрд теңге, ал 2016 жылы 143,3 млрд. теңге бөлінді.

Сонымен қатар,  отандық компаниялардың өнімдеріне деген сұранысты арттыруды жәəне жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жоспарланған барлық жобаларды қаржыландыру ағымдағы жылдың ақпан айынан басталған болатын.   Сөйтіп, ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысында «Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс және Орталық-Батыс жобалары бойынша көліктік-логистикалық ифрақұрылымдарды дамыту үшін 1019 шақырым жолда жұмыстар жалғасын тауып, жыл соңына дейін 272 шақырымы пайдалануға берілу көзделіп отыр.

 Бағдарламаның елдің транзиттік мүмкіндіктерін арттырып, инфрақұрылымды жақсартудағы маңызы туралы мемлекет басшысы  Н.Назарбаев: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы мен оларды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Олар - трансқұрлықтық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің қазақстандық бөлігі, «Қазақстан - Түрікменстан - Иран» теміржолы, Ляньюньган Қытай портындағы логистикалық терминал сияқты жобалар. Каспий жағасында Құрық паром кешенінің құрылысы жүруде. Осылайша, Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, осы көлік жолдары арқылы өңіраралық өзара іс-қимыл үшін сенімді платформа қалыптастыруда, - деген  еді.

Расында, «Нұрлы жол»  бағдарламасы аясында салынған транзиттік тораптар еліміздің көліктік-логистикалық  мүмкіндіктерін жақсартып, көршілес елдерімен байланысын арттыра түспек.