«Қазақстанның тұмса табиғаты» фотобайқауының жеңімпаздары анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Іле-Алатау ұлттық паркінің визит-орталығында «Қазақстанның тұмса табиғаты» бірінші республикалық фотобайқауы қорытындыланып, жеңімпаздардың есімі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның тұмса табиғаты» фотобайқауының жеңімпаздары анықталды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «National Geographic Qazaqstan» журналы редакциясымен бірге ұйымдастырған байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Доданың басты мақсаты - адам мен табиғаттың өзара әрекеттесу мәселелеріне қоғам назарын аудару, табиғи алуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаға деген құрмет идеясын кеңінен насихаттау.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, қоғамдағы жануарларға деген қатыгездіктің алдын алу мен жанашырлық, өсімдіктер әлеміне ұқыпты қарау идеяларын өнер туындылары арқылы да кеңінен тарату қажет.

«Байқауға арналған сайтқа 782 адам тіркеліп, 1 515 сурет сайысқа түсті. Фотобайқауға түскен суреттердің басым көпшілігі композициялық тұрғыдан әдемі болғандықтан қазылар алқасының алдында үлкен жауапкершілік пен қиын таңдау тұрды. Жалпы, экологиялық ағартушылық, экологиялық сананы көтеру жұмысының бір бөлігі ретінде осы байқауды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне арнап министрліктің қолдауымен бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Аймақтардағы экология, жануарлар әлемі проблемаларын осындай фотосуреттер арқылы көрсетуді мақсат тұттық»,- дейді «National Geographic Qazaqstan» журналының бас редакторы Еркін Жақыпов.

Сонымен үш кезеңнен тұрған бағалаудан кейін қазылар алқасы 4 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады:

1. Макроәлем – Александр Власюк, «Melolontha»;

2. Анасы мен баласы – Фархат Кабдыкаиров, «Бәбісек балапанын тамақтандыру»;

3. Қазақстан пейзаждары – Ернұр Манапхан, «ХАН ТӘҢІРІ»;

4. Қазақстан жан-жануары – Павел Михеев, «Соперник».

Ал «Туранга Групп» компаниясы атынан «Аюсай» аталымын «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің фототілшісі Ерлан Омар иеленді.