Қазақстанның туристерді тіркеу жүйесіне өзге елдер қызығушылық танытуда– министр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде қазақстандық демалушылар саны рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2021 жылы отандық демалушылар саны 6,9 млн жетті. Биыл болжам бойынша бұл көрсеткіш 8 миллион туристке дейін өсуі керек. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындары 68 млрд теңгеге қызмет көрсетсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға жоғары. Шетелдік туристерге келсек, жыл басынан бері елімізге 3,1 млн адам келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп. Осылардың бәрі біздің рекордтарымызды көрсетеді», - деді Мәдениет министрі Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде 28 елге 111 бағыт бойынша 489 рейс бар.
«Бұл жұмыс жалғасып жатыр, өзінің процедуралары бар, еліміз «ашық аспан» саясатын қабылдады, біз дайынбыз. Бірақ басқа елдердің әуе компанияларымен жұмыс істеу керек. Сәуірден бастап құрлықтағы шекаралар ашылды. 2022 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан шекаралық вакциналау төлқұжаттары мен ПТР сертификаттарын алып тастады. 78 елмен визасыз режим қалпына келтірілді. Қазір ондай елдер саны 100-ге дейін жеткізу мәселесі пысықталуда», - деді Д. Абаев.
Сонымен бірге министр туристерді есепке алуға арналған «eQonaq» цифрлық жүйесі туралы айтып берді.
«Жүйе қазір белсенді жұмыс істеп жатыр. Ол көші-қон органдарына нақты ақпаратты береді. Бұрын туристер келіп, полицияның көші-қон қызметіне барып тіркелетін. Қазір онлайн автоматты түрде тіркелетін мүмкіндік бар. Бұл тәжірибеге Әзербайжан, Грузия мен Өзбекстандағы әріптестеріміз қызығушылық танытып отыр», - деді Д. Абаев.