Қазақстанның туристік саласының мүмкіндігі жылына 10-20 млрд. долларға жетуі тиіс - С. Әйімбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның туристік саласының мүмкіндігі жылына 10-20 млрд. долларға жетуі тиіс. Бүгін Мәжілісте еліміздегі туризм саласын дамыту перспективалары жайында өтіп жатқан Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлімдеді.
Депутаттың пайымынша, туристік сала ел экономикасының жалпы дамуына серпін бере алатынын шетелдік прогрессивтік тәжірибелер көрсетіп отыр. Осыған орай, Сейітсұлтан Әйімбетовтің айтуынша, бәсекелестік артықшылықтар дұрыс пайдаланылса туризм индустриясына тікелей қатысты (көлік, байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа осы сияқты) 32 саланың дамуына тікелей немесе жанама әсер етуге болады.
«Халықаралық сарапшылардың деректері бойынша, туризм табыстылығы кіріс әкелу жағынан мұнай өндіру өнеркәсібінен және автомобиль жасау саласынан кейін әлем бойынша үшінші орынды иеленеді. Алайда, туристік әлеуетке бай Қазақстанда оның үлесі елдің ЖІӨ-не шаққанда бар болғаны 0,3 пайызды құрайды. Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстанның туристік саласының мүмкіндігі қарапайым бағамен алғанда жылына 10-нан 20 млрд. АҚШ долларына дейінгі аралықта және ЖІӨ құрылымында 6-7 пайызды құрауы мүмкін», - деді депутат С. Әйімбетов.
Оның сөзіне қарағанда, туризм және саяхат саласындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес 2013 жылы Қазақстан 140 елдің ішінде 88-орында тұрды. «Яғни 2011 жылмен салыстырғанда бар болғаны бес сатыға көтерілді. Алайда, жалпы көрсеткіштерді есепке алатын болсақ, біз 50-ші орындамыз, яғни, туризмнің жалпы дамуға қосқан үлесі аса таңғаларлықтай емес»,- деп түйіндейді С. Әйімбетов.