Қазақстанның Түркиядағы елшісі қазақ жастарымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Анкарадағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастарымен кездесті.

Қазақстанның Түркиядағы елшісі қазақ жастарымен кездесті

Бұл туралы елшіліктің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.

Кездесуде елші биыл жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі бағдарлары туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатындағы жетістіктері мен Қазақстан-Түркия қарым-қатынасы туралы және ағымдағы жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы әңгіме қозғады.

Өз кезегінде Анкарада білім алып жүрген қазақ жастары Елбасының ұстанған саясаты мен республикалық басылымдарда жарық көрген мақаласы туралы пікірлерін білдірді. Мақалада аталған мәселелер бойынша қолдау көрсетуге, елшіліктің ұйымдастырып отырған іс-шараларына қатысып тұруға ниет білдіріп, Қазақстаннан келетін зиялы қауым өкілдерімен кездесуге дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, университеттерде жастар клубының ашылуы, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын шаралардың өтуі және түрік жастарымен ынтымақтастықты күшейтетін жобаларды қолға алуы бойынша ұсыныстар жасады.

Елші Абзал Сапарбекұлы қазақ жастарына мұндай кездесулерді жиі-жиі өткізуге уәде берді. Сонымен қатар, елшілікпен тығыз қарым-қатынаста болуларына кеңес берді. Кездесу соңында жастар Елшіге алғыс білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі.